Воскресенье, 19 апреля, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАНДА «МАҚАМЫ БӨЛЕК МАРХАБАТ» ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Farab» ғылыми әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің абыздары қатарындағы классик жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған ерекше мәдени шара өтті. Осыған орай жарық көрген «Мақамы бөлек Мархабат» атты жинақ көпшілікке ресми түрде таныстырылды. Шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі мен «Мархабат» журналы редакциясының ұйымдастыруымен өткізілген.

Тұсаукесерге облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, белгілі журналист Ғалымжан Елшібай, облыстық мәслихат депутаттары Қалыйма Жантөреқызы мен Бекарыс Шойбеков қатысып, жазушының қазақ руханиятындағы биік орнын атап өтті. Олар өз сөздерінде Мархабат Байғұттың әдебиетке әкелген жаңашылдығын, ұлттық прозаны жаңа белеске көтерген қаламгерлік ерекшелігін және оның қоғам өміріндегі белсенді ұстанымын ерекше бағалады.

Жиын барысында жазушының отбасы мүшелері мен жақындары да қатысып, Мархабат Байғұттың өмір жолындағы тың деректер мен бұрын көпшілік естімеген тағылымды естеліктерімен бөлісті. Қаламгердің шығармашылыққа адалдығы, адами қалыптан айнымаған болмысы, жазушылық еңбекке деген ұқыптылығы жайлы әсерлі әңгімелер тыңдалды.

Сонымен бірге шараға келген ардагер қаламгерлер мен замандастары жазушының қоғамдағы орнына, әдебиеттегі қолтаңбасына, қазақ прозасының дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Олар Мархабат Байғұттың әрбір туындысы ұлттық танымды тереңдетіп, қазақ оқырманының дүниетанымын байытқанын, көркемдік мәдениетті жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Әсіресе, жазушының шағын прозадағы шеберлігі, кейіпкерлер әлемін жандандырудағы ерекшелігі, тіл тазалығына деген ұқыптылығы әдеби ортада жоғары бағаланып келеді.

Шара соңында «Мақамы бөлек Мархабат» жинағы оқырманға ресми түрде таныстырылып, кітаптың құндылығы жайлы мағлұмат берілді. Жиын барысында жазушының шығармаларынан әсерлі үзінділер оқылып, қатысушылар мерейтой иесінің мол мұрасымен қайта қауышқандай болды. Тұсаукесер жылы көңіл, шынайы құрмет пен рухани мазмұнға толы кеш ретінде есте қалды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар