Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні биыл Түркістан төрінде айрықша ауқымда атап өтілуде. Мереке тек салтанатты шаралармен шектелмей, ұлт рухын жаңғыртатын, ата дәстүрді дәріптейтін ірі спорттық оқиғаларға ұласты.
Ауқымды іс-шаралар легінің шарықтау шегі ретінде – бүгін бір мезетте мыңнан астам адамның асық ойнауы болды.


Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ және «Асық ату» федерациясының ұйымдастыруымен, сондай-ақ, «ZIGI ZAGI» отандық өнімінің демеушілігімен «Түркістан арена» стадионында өткен Асық ату спортына бір мезетте 1000 адам қатысып, ол тарихи рекорд ретінде тіркелді.
Салтанатты жиынға Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ «ZIGI ZAGI» отандық өнімінің өкілі Қайрат Олжасхан қатысып, көпшілікке ізгі тілектерін жеткізді.
Шара барысында Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков арнайы сертификатты табыстап, тарихи жетістікті ресми түрде растады.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл бастама эстафета ретінде Шымкент қаласына жолданды.


Айта кетсек, Наурыз мерекесінің қарсаңында пайдалануға берілген заманауи халықаралық атшабар алаңында ұлттық спорттың 10 түрінен беделді жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, көкпардан Әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, аламан бәйге, асық атудан Әлем кубогы, «Толағай» алыптар сайысы және қазақ күресінен «Түйе палуандар» бәсекесі өтуде.

Ұлттық спорт – өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың қуатты тірегі. Ұлт рухын асқақтатқан Ұлттық спорт күні құтты болсын!



