Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылы бірлігі жарасқан, игі істерімен көпке үлгі болып келе жатқан елді мекендердің бірі. Бүгінде ауыл тұрғындарының бастамасымен құрылған «Төрткүл» қайырымдылық қоры тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Жуырда қордың ұйымдастыруымен ауыл тұрғыны, жалғызбасты көпбалалы ана Бақытгүл Жексеноваға жаңа баспананың кілті табысталды. Аталған игі іске ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысып, қаржылай қолдау көрсетіп, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін танытты. Жаңа үй толықтай қажетті жиһаздармен қамтылып, иесіне дайын күйінде берілді. Бұл — қор тарапынан табысталған төртінші баспана.
Төрткүлдіктердің бұл бастамасы өзге елді мекендерге үлгі боларлықтай. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, елдің ынтымағы мен жанашырлығы осындай игі істерден айқын көрінеді. Аталған қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.



