Четверг, 13 августа, 2026
34.2 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

САУРАНДА ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБА ӨҢІРДІҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Сауран ауданында жоғары технологиялы өндірістерді дамыту, инвестиция тарту және өңдеуші өнеркәсіптің жаңа бағыттарын қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауыт жобасы.

Жобаның басталуына арналған салтанатты рәсімде кәсіпорынның уақыт капсуласы салынып, жаңа өндіріс орнының негізі қаланды. Іс-шара барысында «Orzax Central Asia» ЖШС құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстанда, оның ішінде Түркістан облысында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жасалған қолдау үшін алғысын білдірді. Ол зауыт құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істейтінін жеткізді.

Инвестор Түркістан өңірінің тарихи және стратегиялық маңызына тоқталып, бұл жобаның тек өндіріс саласын дамытуға ғана емес, облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға да ықпал ететінін атап өтті. Өйткені жаңа кәсіпорын халықаралық нарыққа бағытталған жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді.

«Orzax Central Asia» компаниясының жобасы Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады. Кәсіпорынға 10 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы инвестициялық құны 20,4 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдары жүргізіліп, өндіріс орны толық іске қосылғаннан кейін жылына 464 млн дана биологиялық белсенді қоспа өндіру жоспарлануда. Сонымен қатар кәсіпорын 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Аталған жоба Сауран ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, фармацевтика саласында жаңа өндірістік мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи зауыт отандық өндірісті күшейтіп, импортты алмастыруға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық бағыттарды кеңейтуге жол ашады.

«Orzax Central Asia» ЖШС құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндірісі бойынша жетекші компаниялардың бірі саналатын «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc» корпорациясы. Компания бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттайды. Бұл тәжірибе жаңа кәсіпорынның халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуіне және Сауран ауданында өндірілетін өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы айқындаған жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі – өңдеуші саланы жедел дамыту, жоғары технологиялы өндірістерді көбейту, отандық өнім үлесін арттыру және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту. «Orzax Central Asia» жобасы осы стратегиялық бағыттарға толық сәйкес келеді.

Жобаның маңызды ерекшелігі – оқшаулау үлесі жоғары өндірісті дамытуға бағытталуында. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға, өндірістік кооперацияны дамытуға және қосалқы қызмет көрсету салаларының қалыптасуына ықпал етеді. Бұл аудан экономикасына қосымша серпін беріп, жаңа кәсіпкерлік бастамалардың дамуына мүмкіндік жасайды.

Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл инвестициялық жоба индустриялық-инновациялық дамудың нақты үлгісі болып табылады. Заманауи технологияларды енгізу, ғылыми негізделген өндірісті жолға қою және экспортқа бағдарланған өнім шығару арқылы аудан еліміздің өндірістік қуатын нығайтуға үлес қосуда.

Осындай ірі жобалардың іске асырылуы Сауран ауданын жаңа өндірістер шоғырланған, инвестициялық тартымдылығы жоғары өңір ретінде дамытуға мүмкіндік береді. «Orzax Central Asia» зауытының құрылысы – Қазақстанның берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыруға, ұлттық экономиканың тұрақтылығын арттыруға және индустриялық-инновациялық даму бағыттарын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар