
Мемлекет басшысы айқындаған жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі басымдықтары өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, жоғары технологиялы өндірістерді көбейтуге, инвестиция тартуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл міндеттерді іске асыруда өңірлердің өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысының Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға және еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыруға үлес қосуда.
Сауран ауданының экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. Арнайы экономикалық аймақтар жаңа өндіріс орындарын ашуға, отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға, заманауи технологияларды енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырады. Мұндай өндірістік алаңдардың дамуы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті жандандыруға және жергілікті экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытын салу жобасы. Жалпы инвестициялық құны 20,4 млрд теңгені құрайтын жобаға 10 гектар жер телімі бөлінген. Құрылыс жұмыстарын 2026–2027 жылдары жүргізу жоспарланған. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 464 млн дана биологиялық белсенді қоспа өндіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар 500 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Бұл жоба Сауран ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, фармацевтика және денсаулық сақтау салаларына қажетті өнімдер өндірісін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи зауыттың құрылуы отандық өндірістің үлесін арттыруға, импортты алмастыруға және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Өндірістік қуаттың қалыптасуы алдағы уақытта экспорттық бағыттарды кеңейтуге де мүмкіндік беруі ықтимал.
Жобаның халықаралық деңгейдегі маңызын оның құрылтайшысы – Түркияның биологиялық белсенді қоспалар өндіру саласында танылған «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc» корпорациясының тәжірибесі айқындайды. Компания әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттайды. Халықаралық тәжірибенің жергілікті өндіріс жағдайында қолданылуы технологиялық үдерістерді жетілдіруге, сапа талаптарын сақтауға және білікті мамандар даярлауға негіз болады. Сонымен бірге бұл ынтымақтастық Қазақстанда өндірілген өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуына жол ашуы мүмкін.
Жаңа өнеркәсіптік саясаттың маңызды тетіктерінің бірі – өндірісті оқшаулау деңгейін арттыру және жергілікті кәсіпорындардың өзара кооперациясын дамыту. Осы бағытта жаңа зауыттың іске қосылуы жергілікті еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға, өндірістік және логистикалық қызметтерге сұранысты арттыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруге ықпал етеді. Кәсіпорын айналасында қосалқы қызмет көрсету салаларының қалыптасуы аудан экономикасының құрылымын кеңейтіп, жаңа кәсіпкерлік бастамаларға мүмкіндік туғызады.
Еліміздің берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру тек өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелмейді. Бұл – ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету, стратегиялық маңызы бар өнімдер бойынша сыртқы тәуелділікті азайту, технологиялық құзыреттерді дамыту және ұлттық экономиканың түрлі сыртқы сын-қатерлерге төзімділігін күшейту үдерісі. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салу, ғылыми-технологиялық жаңалықтарды өндіріске енгізу және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамыту ұзақ мерзімді экономикалық қауіпсіздіктің маңызды шарттары болып саналады.
Сауран ауданындағы өндірістік жобалардың жүзеге асуы осы міндеттермен сабақтас. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін ұштастыру, жаңа технологияларға негізделген кәсіпорындар ашу, инвестициялық ахуалды жақсарту және жергілікті кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру ауданның индустриялық дамуына берік негіз қалайды. Бұл ретте өнім сапасын бақылау, экологиялық талаптарды сақтау және халықаралық стандарттарды енгізу де тұрақты өндірістің ажырамас бөлігі болып табылады.



