
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жеке қабылдау «Әділет» партиясы Сауран аудандық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауымен бірлесіп өтті. Аудан басшысы партияның аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбековпен бірге азаматтардың өтініштерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарады. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз ету, жер учаскелерін рәсімдеу, суармалы жер конкурсына қатысу, жайылымды пайдалану мерзімін ұзарту және кадастр құжаттарын реттеу мәселелері бойынша жүгінді.
Сондай-ақ тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіп ашуға қатысты өтініштерін жеткізді. Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінің тұрғындары көшелерге асфальт төсеу, ескі электр бағаналарын ауыстыру және қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Жауапты бөлімнің мәліметіне сәйкес, елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін екі кезеңнен тұратын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Игілік ауылына қатысты оқушылар тасымалы мен интернет сапасы мәселелері көтерілді. Байланысты жақсарту үшін ұялы байланыс операторларына радиожоспарлау жұмыстарын жүргізу және қосымша базалық станция орнату жөнінде сұраныс жолданған. Қаражон елді мекенінің тұрғындары көше жарығын орнату және балалар ойын алаңын салу туралы өтініш білдірді. Көшелерді жарықтандыруға қатысты аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес әр ауылдық округте екі мың метрге дейін жарықтандыру желісін орнату жоспарланып отыр. Қабылдауда өндіріс ашу, балық өсіруге жер бөлу, газ құю бекетін ұйымдастыру, қоғамдық көлік пен аялдама мәселелері де қозғалды. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштердің шешімі құжаттарды нақтылауға, жауапты мекемелердің қорытындысына және қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қаралады.
Айта кетсек, Түркістан облысында ауыз сумен қамту тұрақтылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында халықты сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету – өңірдегі негізгі басымдықтардың бірі. Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің барлығы ауыз су жүйесімен қамтылған. Бұл – өңірде су инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі.Сонымен қатар 100-ден аса елді мекендегі тұрғын ауыз суды тек жазда кесте бойынша тұтынып отыр. Осы мәселені толық шешу мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.
Биыл 10 елді мекендегі 45,7 мың тұрғынды тәулік бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар 2027 жылы 94 елді мекенде, 2028 жылы 51 елді мекенде жалғасады. Кейбір елді мекендерде ауыз судың кестемен берілуі, ең алдымен, жазғы кезеңдегі су тұтыну көлемінің күрт артуымен байланысты.
Жаз айларында халықтың тұрмыстық қажеттілігіне жұмсалатын су көлемі артады. Сонымен бірге ауылдық жерлерде ауыз суды жеке шаруашылықтардың суару және өзге де мақсаттарға пайдалануы салдарынан тұтыну көлемі көбейіп, су жүйелеріне түсетін жүктеме артады.
Сұраныстың өсуі, су көздеріндегі деңгейдің төмендеуі және инфрақұрылымға түсетін қосымша жүктеме кейбір елді мекендерде уақытша тапшылықтың туындауына әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені шешу тек жаңа су көздерін іздеумен шектелмейді. Қолда бар суды тиімді пайдалану, ысырапқа жол бермеу және тұтынуды цифрлық бақылау да маңызды. Өңірде су ресурстарын тиімді басқару үшін заманауи цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, су есептегіш құралдарын орнату, оларды автоматтандыру және көрсеткіштерді қашықтан алу технологияларын енгізу арқылы нақты тұтыну көлемін бақылауға мүмкіндік артып келеді.
Алдағы уақытта цифрлық жүйелерді жасанды интеллект элементтерімен ұштастыру су тұтыну динамикасын талдауға, қалыптан тыс шығындарды анықтауға, су желілеріндегі ықтимал ақаулар мен ысырапты ертерек байқауға мүмкіндік береді.
Қашықтан бақылау технологияларының тағы бір артықшылығы – су есептегіш көрсеткіштерін жинау мен талдауды автоматтандыру. Бұл нақты есеп жүргізуге, артық тұтынуды анықтауға және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға жол ашады.
Яғни цифрландырудың мақсаты – тек есеп жүргізу емес. Нақты тұтынуды анықтау, ысырапты азайту және әрбір текше метр судың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету.
Ең арзан ресурс – ең көп ысырап болатын ресурс болмауы керек
Түркістан облысында тұрғындар үшін ауыз судың тарифі әлеуметтік тұрғыдан қолжетімді деңгейде қалып отыр. Халық үшін бір текше метр ауыз судың құны шамамен 90 теңге деңгейінде. Қосымша шығындардың бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады.
Алайда қолжетімді тариф суды шексіз пайдалануға немесе ысырап етуге негіз болмауы тиіс.Керісінше, су – тіршілік көзі әрі шектеулі табиғи ресурс екенін ескере отырып, әрбір тұрғын оны ұқыпты пайдалануға жауапкершілікпен қарауы қажет.
Судың бағасы қолжетімді болғанымен, оның құндылығы жоғары.
Кранды ашық қалдыру, ақаулы құбырларды уақытында жөндемеу, ауыз суды шаруашылыққа немесе суаруға мақсатсыз пайдалану – бір қарағанда аз ғана шығын болып көрінгенімен, мыңдаған тұтынушыға шаққанда үлкен көлемдегі ысырапқа әкеледі. Сондықтан су есептегіш құралдарын орнату мен цифрлық бақылау – тек коммуналдық қызмет көрсетушінің емес, әрбір тұтынушының жауапкершілігін арттыратын маңызды құрал. Түркістан облысында халықты сапалы және тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, су жүйелерін жаңғырту, цифрландыру және су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.



