«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында қабылданғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген бұл маңызды құжат, Түркістан қаласын еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі құқықтық негіздерін реттейді.

Қала мәртебесінің артуы жергілікті атқарушы және өкілді органдарға үлкен жауапкершілік жүктейді және қала тұрғындарымен бірлесе өзекті деген мәселелерді айқындап, оларды тиімді шешу жолдарын белгілеуде пәрменді шараларды қабылдауды талап етеді. Осы міндет аясында, Түркістан қалалық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сарсенбаевтың бастамасымен қалалық мәслихат депутаттарының Түркістан қаласының барлық аймақтарындағы тұрғындармен кездесу жиындары өтуде. Азаматтармен кездесу жиындарына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков қатысып, депутаттық корпус пен қала әкімдігі бірлесе шешімдері жергілікті биліктің құзыретіне жататын мәселелерді айқындауда.

Халықпен кездесулер Түркістан қаласының Отырар, Яссы, Бекзат, Сауран секторларында өтіп, бұл жүздесулерде инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде жол сапасын жақсарту, әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, денсаулық сақтау саласын нығайту, көшелерге атаулар беру және балалар ойын алаңшаларын салу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу мәселелері көтерілді. Сондай-ақ қала тұрғындары азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау, кәріз жүйелерінің сапасынарттыру, қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесін жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Табиғи газ жүйелеріне қосылу құнының жоғары екенін, тарифтің қымбаттауына жол бермеу мәселесі айтылды. Автобус аялдамалары мен көлік қозғалысы артқан көше қиылыстарына бағдаршам орнату ұсыныстары білдірілді. Көпқабатты тұрғын үйлердегі қызмет көрсету сапасын көтеру мәселесіне назар аударылып, пәтер иелері кооперативтері мен қызмет көрсетуші ұйымдар арасындағы байланысты реттеу мәселесі айтылды.
Сектор тұрғындарымен кездесуге сол аумақтан сайланған депутаттар қатыстырылып, халық пен билік арасында сындарлы диалогтың орнығуына мүмкіндіктер жасалды. Тұрғындардан түскен әрбір өтініштің орындалуы қалалық мәслихат пен қалалық партия филиалының бақылауында болады және қала әкімдігінің тиісті бөлімдері олардың орындалуы бойынша мәслихат депутаттары алдында есебін бермек.



