Воскресенье, 19 апреля, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ҰЛЫ ТАМЫР» БИ АНСАМБЛІНІҢ КАСТИНГІ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде ұлттық би өнерінің шоқтығына айналған «Ұлы Тамыр» би ансамбліне талантты жастарды іріктеу мақсатында ауқымды кастинг ұйымдастырылды. Би мәдениетін дамыту мен жас буынға жол ашу бағытында өткізілген бұл шара биылғы жылдың ең маңызды өнер оқиғаларының бірі ретінде бағаланды. Кастингке Қазақстанның Қызылорда, Жамбыл, Жезқазған, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Түркістан облысының аудан-қалаларынан келген өнерлі жастармен қатар, көршілес Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан да жас бишілер арнайы келіп қатысты. Бұл — «Ұлы Тамыр» ансамблінің өңірлік қана емес, халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш.

«Қай би болмасын — жүректен» деген ұстаныммен өткен іріктеу – таланттардың жолын ашатын, өнердің өрісін кеңейтетін ерекше алаң болды. Барлығы 44 үміткер бақ сынаған бұл күн жас бишілер үшін өз қабілетін танытатын, ал қазылар алқасы үшін үздік өнерпаздарды табатын жауапты әрі қуанышты сәтке айналды. Шараның ашылуында «Сырлы қыздар» би қойылымы орындалып, сахнада ұлттық ырғақ заманауи пластикамен үйлесе өрілген ерекше хореография көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қойылымды сахналаған — ҚР мәдениет саласының үздігі, беделді балетмейстер Ернұр Қарықбол. Оның қолтаңбасы қазақ биінің табиғи болмысын заманауи сахна мәдениетімен шебер үндестіре білуімен ерекшеленеді.

Ашылу рәсімінде Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры Шәмет Лиза Төлегенқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, би өнерінің тәрбие мен рухани жаңғырудағы маңызын атап өтті. Ол ұлттық биді ұлықтау — тек өнерді дамыту емес, сонымен бірге тарих пен мәдениетті келешек ұрпаққа жеткізу екенін айтты. Бұл сөздер қатысушыларға шабыт беріп, өнерге деген жауапкершілік сезімін одан әрі күшейтті.

Қазылар алқасының құрамында «Ұлы Тамыр» би ансамблінің бас балетмейстері, ҚР мәдениет қайраткері Тауекелова Гүлназия Есенкелдіқызы және ансамбльдің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Ернұр Қарықбол болды. Олар әрбір үміткердің сахналық келбетін, қимыл дәлдігін, ырғақ сезімін, музыканы түсіну қабілетін және ұлттық би элементтерін меңгеру деңгейін жан-жақты бағалады. Кастинг барысында қатысушылар топтық «Көкпар», «Ақбаян» билерін, жұптық «Нәзік биін» және өздігінен дайындаған жеке қойылымдарын ұсынды. Әрбір қимыл, әрбір пластикалық элемент жастың кәсіби деңгейін айқындайтын маңызды фактор саналды.

Бұл кастингтің маңызы — тек жаңа құрам жасақтау емес, ұлттық би өнерін өркендету, талантты жастарды ел ішінен ғана емес, сырт елдерден де тарту, өнерді халықаралық деңгейде насихаттау.

Кастинг нәтижесі алдағы күндері жарияланып, таңдалған үміткерлер арнайы кәсіби дайындыққа шақырылады. Оларға би техникасы, сахналық мәдениет, актерлік шеберлік және ұлттық би пластикасы бойынша тереңдетілген сабақтар өткізіледі. «Ұлы Тамыр» ансамбліне қабылданған әрбір жас өнерпаз — ұлттық руханиятты жаңа биіктерге көтеретін болашақ елшілердің бірі. «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап келеді. Ал жаңа буынның бұл жолдағы қосар үлесі өлшеусіз» деген оймен шара өз мәресіне жетті.

Бұл күн — өнердің ұлы тамырына деген құрметтің, жаңа таланттардың жолға шығуының, ұлттық бидің болашағына салынған тағы бір нық қадамның белгісі болды.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар