Воскресенье, 19 апреля, 2026
18.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан           ҚАЗ  РУС

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАП ЖҮРГЕН СПОРТШЫЛАРДЫ АРНАЙЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықаралық жарыстарда ел намысын лайықты қорғап, Түркістанның атын кеңінен танытып жүрген кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет пен марафоншы Ғани Темірәліұлын арнайы қабылдады. Бұл кездесу қаламыздағы дарынды спортшыларға деген қолдаудың артып келе жатқанын, атқарушы биліктің спорт саласына деген назарын айқын көрсететін маңызды шара болды. Қала басшысы өз сөзінде спорттың қоғамды біріктіретін, жастарды тәрбиелейтін, өмірге құлшыныс сыйлайтын қуатты күш екенін атап өтті. Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның абыройын асқақтатып жүрген жерлес спортшыларға алғыс білдіріп, олардың жеңістері тек жеке жетістік емес, бүкіл қала үшін мақтаныш екенін айтты. Әкімнің айтуынша, әкімдік тарапынан дарынды балаларды қолдау, спорт инфрақұрылымын дамыту және жергілікті чемпиондарды тәрбиелеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бек Нұрмағанбет — жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. Кәсіпқой рингке қадам басқаннан бері 15 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, өңір намысын әлемдік аренада асқақтатып жүр. Оның қарсыластарының қатарында тәжірибесі мол, халықаралық рейтингтегі боксшылар да бар. Бектің табысты карьерасы Түркістан жастарына нақты мотивация болып, бокстың дамуына серпін беруде.

Ғани Темірәліұлы — жүгіру спортына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан марафоншы. Бар болғаны бір жыл ішінде Баку, Бішкек, Алматы, Түркістан және Самарқанд қалаларында өткен TAN Marathon Series кезеңдерін толықтай өтіп, «TAN марафон мейджоры» атағын иеленді. Бұл атақ — шыдамдылықтың, жүйелі жаттығудың және темірдей төзімнің нәтижесі. Ғанидың ел ішіндегі және халықаралық марафондардағы жетістігі салауатты өмір салтын насихаттауға, қалада жүгіру мәдениетін қалыптастыруға өз ықпалын тигізуде.

Қабылдауға сондай-ақ Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы мен бірқатар мәслихат депутаттары қатысып, спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтады. Олар қос азаматтың жеңістері қаланың мерейін өсіріп қана қоймай, Түркістанды спорт қаласы ретінде дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Бұл кездесудің рухани мәні зор болды: ол жас спортшыларға шабыт сыйлап, өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар