
Түркістан қаласында қазақы үлгідегі киіз үйлермен көмкерілген қонақүй салынады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған және басталып кеткен маңызды сәулеттік жобалар талқыланған кезекті кеңес өтті. Жиынға облыстың сәулет, қала құрылысы, инфрақұрылым және туризм салаларының мамандары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ тиісті басқарма басшылары қатысты. Кеңесте облыстың алдағы жылдардағы дамуын айқындайтын стратегиялық жобалар, жаңа нысандардың архитектуралық шешімдері және қалалардың көркін жақсартуға бағытталған ұсыныстар қаралды.
Алғашқы кезекте Арыс және Кентау қалаларындағы сәулеттік жобалардың жай-күйі баяндалды. Бұл қалаларда тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңарту, қала келбетін жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Сонымен қатар Түркістан қаласында жүзеге асырылуы көзделген бастамалар таныстырылды. Түркістанның ерекше мәртебесін ескере отырып, қала құрылысына қатысты кез келген жоба терең сараптаудан өтетіні, әрбір сәулеттік нысанның Түркістанның жалпы дизайн кодына сәйкес болуы маңызды екені айтылды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жиын барысында сәулеттік жобаларға қатысты нақты талаптарын білдірді.
– Аудандардың кіреберістерін сәндеуде заманауи сәулет үлгілерін ұсыныңыздар. Қала-құрылыс саласына жаңашылдық, батыл идеялар және ерекше архитектуралық шешімдер қажет. Экономикамыз дамып, халық саны көбейіп жатқан кезеңде өңірдің жаңа бейнесін қалыптастыру — басты мақсаттардың бірі. Әр ауданның және қаланың кіреберіс тұстары өңірдің «визит картасы» іспеттес. Сондықтан олар заманауи, тартымды, туристерге әдемі әсер қалдыратындай болуы тиіс. Өңірдегі туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс тұстарын, шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын реттеу қажет, – деді облыс әкімі.
Кеңес отырысында Түркістан қаласының дамуына қатысты бірнеше маңызды жоба таныстырылды. Солардың қатарында заманауи медициналық орталық салу, ұлттық нақыштағы қазақы стильдегі қонақүй жобасы, шаһардың эстетикасын арттыратын шағын сәулеттік формалар орнату, тарихи тұлғаларды дәріптейтін Билер аллеясын салу, қаладағы қоғамдық іс-шаралар өтетін үлкен Рәміздер алаңын салу.
Бұл жобалардың барлығы Түркістан қаласының рухани, мәдени және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа Рәміздер алаңы — қала тұрғындары үшін де, туристер үшін де маңызды қоғамдық кеңістікке айналып, мемлекеттік мерекелерді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Түркістанды көгалдандыру мәселесі де кең көлемде талқыланды. Әсіресе жаз айларындағы аптап ыстықты ескеріп, көше бойларына ерекше ландшафтық шешім ретінде жабайы жүзім өсіріп, табиғи көлеңке жасау ұсынысы ортаға салынды. Бұл бастама экологиялық жағынан тиімді әрі қаланың көркін табиғи жолмен әсемдендіруге септігін тигізбек.
Кентау қаласы бойынша орталық базар аймағын ретке келтіру, жаяу жүргіншілерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру, қала орталығындағы сауда орындарының сыртқы келбетін біріздендіру мәселесі қаралды. Кентау өндірістік қала ғана емес, соңғы жылдары туристік ағым да артып келе жатқан аймақтардың бірі болғандықтан, оның архитектуралық бейнесін жаңарту аса маңызды. Арыс қаласына қатысты ұсыныстар ішінде жаңа веложол салу және кәсіпкер қолдауымен жаңа демалыс саябағын ашу жобалары бар. Бұл бастамалар тұрғындардың спортпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар Арыстың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосады.
Жиын соңында облыс әкімі барлық ұсыныстарды мұқият пысықтап, жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуына жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол сондай-ақ сәулет саласында инновациялық тәсілдерге көбірек мән беруді, өңірдегі барлық жобаның Түркістанның мәртебесіне сай болуы керектігін ерекше атап өтті. Жоспарланған жобалар жүзеге асырылған жағдайда Түркістан облысының келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасып, өңірдің туристік тартымдылығы арта түсетіні сөзсіз.



