
Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз!» атты көркем шығарма жазу байқауы өз мәресіне жетті. Биыл 16-шы рет өткелі отырған бұл игілікті шара жас ұрпақты зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттаумен ерекшеленді. Іс-шара барысында қатысушылар мен көрермендерге есірткінің зияны және оның қоғамға келтіретін ауыр зардаптары туралы бейнематериал ұсынылып, жастардың санасына серпін беретін мазмұнды ақпараттар жеткізілді.
Шараның мәдени бөлігі де мазмұнды болды. «Яссы» халықтық би ансамблі көпшілікке ұлттық нақыштағы әсерлі қойылым – «Әгугай» биін ұсынды. Көрермендер би тобының кәсіби шеберлігі мен сахналық мәдениетіне жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, мәдениет үйінің өнерпаздары түрлі жанрдағы әндерді орындап, шараның мазмұнын байытып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Байқаудың негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастарды нашақорлықтың зияндылығы жөнінде ақпараттандыру, олардың бос уақыттарын пайдалы, мазмұнды істермен өткізуге бағыттау, шығармашылық әлеуетін арттыру және қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, байқау жас ұрпақ бойында адамгершілік, имандылық, тазалық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға үлес қосуды көздеді.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған бұл байқауға биыл барлығы 50 үміткер өз жұмыстарын ұсынды. Іріктеу кезеңінен 37 талапкер өтіп, қорытынды марапаттау рәсіміне жолдама алды. Байқау жұмыстарының мазмұны, идея тереңдігі, көркемдік деңгейі мен шығармашылық ұстанымы кәсіби мамандардан құралған әділ-қазылар тарапынан мұқият сараланды.
Әділ-қазылар алқасының құрамында еліміздің білім саласына еңбегі сіңген тұлғалар – «Құрмет» орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі Баян Садыққызы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Сәуле Мағжанқызы, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тлеулиев болды. Олардың әрқайсысы жас қаламгерлердің шығармашылық бастамаларына оң баға беріп, қоғамда өзекті болып отырған нашақорлыққа қарсы күрес мәселесін көркем тілмен жеткізудің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы, қоғам белсендісі, білікті ұстаз, ақын Сүлейменова Ұлжалғас және Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатры Аметов Ұлықбек сөз сөйлеп, жастар арасында саламатты өмір салтын дәріптеудің өзектілігіне тоқталды. Олар нашақорлықтың адамның денсаулығына ғана емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік-рухани дамуына қатер төндіретінін айтып, мұндай байқаулардың тәрбиелік мәні зор екенін ерекше атады.

Байқау қорытындысы бойынша кіші топ арасында бас жүлдені Жанерке Бағдатқызы иеленсе, үлкен топ бойынша үздік деп танылған шығарма авторы – Айым Ерланқызы болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар олардың шығармашылық ізденісін бағалай отырып, болашақта да жастар арасында осындай мазмұнды жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.
Жиын соңында қатысушыларға зиянды әдеттің алдын алу, қоғамда мәдени, рухани және моральдық құндылықтарды сақтаудың маңызы түсіндіріліп, жас буын арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – ортақ міндет екені тағы да еске салынды. Бұл байқау Түркістан қаласында қауіпсіз, тәрбиелі, дені сау ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде өз жалғасын таба бермек.




