
Ташкент қаласында классик жазушы Мархабат Байғұттың өзбек тілінде жарық көрген «Ким ошди савдоси» атты жаңа әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті. Әдеби шараға қаламгердің жары Қыздаркүл Пернебайқызы, «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, журналист Ғалымжан Елшібай, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айдар Сейдазым, сондай-ақ өзбекстандық зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, жазушы шығармашылығына деген құрметтерін білдірді.
Іс-шара барысында Мархабат Байғұттың қазақ руханиятындағы мәртебелі орны ерекше атап өтіліп, жазушының өмір жолы мен шығармашылық әлеміне қатысты тың деректер, естеліктер мен жүрекжарды лебіздер айтылды. Бұдан бөлек, шараға қатысушыларға «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» әдеби порталы таныстырылып, қаламгер мұрасының заманауи форматта насихатталуы жөнінде әңгіме өрбіді.

Жоба жетекшісі Ғалымжан Елшібай өз сөзінде Мархабат Байғұттың өзбек тіліндегі жинағының тұсаукесері тек бір кітаптың жарық көруі ғана емес, әдебиетке деген ілтипаттың, түркі халықтары арасындағы мәдени байланыс пен шығармашылық ынтымақтастықтың шынайы көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл игілікті қадам екі ел әдебиетінің арасына жаңа көпір салғандай әсер қалдырып, өзара құрметтің, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісіне айналды.
Бұл бастамаға қазақ-өзбек зиялы қауымдарының арасында алтынкөпір болып жүрген «Ижодкор» әдеби бірлестігінің құрметті төрағасы Абдирахим Пратов пен бірлестіктің қазіргі төрағасы Закиржон Муминжонов мұрындық болған. «Ижодкор» әдеби бірлестігінің атынан Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасы, әйгілі ақын Сирожиддин Саййид бастаған бірнеше өзбекстандық қаламгерге «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасына қолдау көрсеткендері үшін Алғыс хат, сый-сыяпат тапсырылды



