Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум Қазақстан Президентінің Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация басымдықтарын іске асыруға және Цифрландыру жылы аясында Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталды.
AI Хакатон қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көлеңкелі экономиканың жолын кесуге, тәуекелдерді ерте анықтауға және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді әзірлеуді көздеді.
Хакатонға 114 команда, шамамен 400-ге жуық қатысушы тіркелді. Қатысушылар қатарында Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы және Шымкент қаласынан келген мектеп оқушылары, колледж студенттері және жоғары оқу орындарының білім алушылары болды. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан келген командалардың қатысуы іс-шараның республикалық деңгейдегі маңызын арттырды.
AI Хакатон цифрлық дәуір жағдайында «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, қаржылық қауіпсіздік инфрақұрылымын заманауи технологиялар арқылы күшейтуге және жаңа буынның зияткерлік әлеуетін мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттауға арналған стратегиялық алаңға айналды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алдағы уақытта да қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту және цифрлық трансформация бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.



