2026 жылғы 10 маусым күні Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақал тағылымы – бейбітшілік пен келісімнің даналық көпірі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынды облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов жүргізді. Іс-шараны ашқан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жолындағы Ақсақалдар кеңесінің рөліне тоқталып, олардың қоғамдағы беделі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстелде өңірдің қоғамдық өміріндегі өзекті мәселелер сөз болды.

Келес аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Лесбек Ағылұлы Нұртаев «Экологиялық мәдениет және туған жерге жанашырлық тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасап, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мен жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мәселелеріне тоқталса, Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Інайұлы Ілесов «Қоғамдағы ысырапшылдық пен той мәдениеті: дәстүр мен жауапкершілік» тақырыбында сөз сөйлеп, ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, қоғамда жауапты мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері Жандос Сейтханұлы Қапанов «Түркістан облысындағы криминогендік ахуал және жастар мен жасөспірімдер арасында маргиналдық топтардың құрылуының алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.

Отырыс барысында қатысушылар тақырып төңірегінде пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.


Бүгінде Түркістан облыстық ҚХА жанынан 191 Ақсақалдар кеңесі жұмыс атқарады. Оның ішінде 1 облыстық, 3 қалалық, 14 аудандық және 173 ауылдық округтік кеңес бар. Кеңестер құрамында 1226 мүше қызмет етеді.




Ақсақалдар кеңестері қоғамдық-саяси және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Бейбітшілік пен келісім» жобалары аясында халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған көптеген тағылымды кездесулер мен ауқымды іс-шараларды ұйымдастырды.
Ақсақалдар кеңесі – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды институты. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.



