2026 жылы жалпыға бірдей декларациялау тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Негізгі мақсат – азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, декларация тапсыру процесін жеңілдету. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеді
«Биыл тек жалақы, зейнетақы немесе стипендия алатын және Қазақстан аумағында ірі мүлік сатып алмаған азаматтарға 270.00 нысанын тапсыру міндетті емес. Сонымен қатар, бұрын қолданылған 240.00 нысанды декларация жойылып, тиісті мәліметтер 270.00 нысанына біріктірілді. Ал 270.00 нысанын тапсыруға міндетті азаматтар қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары, бизнес иелері, заңды тұлғалардың 10%-дан астам үлесіне ие құрылтайшылары мен басшылары және олардың жұбайлары, жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және медиаторлар, шетелдік банктерде 1 000 АЕК-тен астам қаражаты бар азаматтар, бір жыл ішінде 20 000 АЕК-тен жоғары сомаға ірі мүлік сатып алған тұлғалар, цифрлық активтерге, оның ішінде криптовалютаға иелік ететін азаматтар бар. 2026 жылы тапсырылатын декларация 2025 есепті жылға қатысты. Азаматтар салықтық есептерін 15 қыркүйекке дейін тапсыруға міндетті. Декларацияны салық органына бармай-ақ электронды түрде «Салық төлеуші кабинеті», «ИСНА» жүйесі, «eGov.kz», «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады» — деді спикер.
Кәсіпкерлік қызметті тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе міндетті хабарламасыз жүзеге асырғаны үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК-тен, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 500 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ, алкоголь және темекі өнімдерін тиісті таңбалау талаптарын бұзғаны үшін орта кәсіпкерлік нысандарына — 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарына — 500 АЕК көлемінде айыппұл салынып, өнім тәркіленуі және лицензиядан айыру шарасы қолданылуы мүмкін.



