Түркістанда 80-90 жылғы танымал болған әндер ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалып, ерекше ретро ән кеші өтеді. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директорының міндетін атқарушы Қуатбек Тортаев мәлімдеді.
«63 жылдық тарихы бар өнер ордасының мақсаты – музыка өнерін, Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау. Оның бұрын жарияланбаған немесе көпшілікке беймәлім шығармаларын жарыққа шығару. Сонымен қатар, сахналық, концерттік іс-шаралар, қайырымдылық концерттерді ұйымдастыра отырып, осы заманғы ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүр, әлемдік классикалық шығармаларды насихаттау және дәріптеу. Бүгінде филармонияда 247 қызметкер еңбек етеді. Өнер ордасында «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, камералық оркестр, «Фараб» би театры, «Ғасыр» би ансамблі, орыс халық ансамблі, «Shaugar» этно-фольклорлық ансамблі және басқа да шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді» — деді спикер.
Сондай-ақ, брифинг барысында «Сүгір» атындағы қазақ-ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі Наурыз Жайлыбаев 80-90 жылғы ретро әуендер концерті жайлы айтты.
«Түркістан қаласында Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен 80-90 жылдардағы танымал әндер орындалатын ерекше музыкалық кеш өтеді. Ностальгиялық кештің басты мақсаты – көрермендерге өткен дәуірдің әуендері арқылы балалық шақ пен жастықтың жарқын естеліктерін қайта жаңғыртып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Концерт барысында филармония өнерпаздары 80-90 жылдардың әндерін орындап, көрермендерді сол бір қайталанбас кезеңнің музыкалық әлеміне жетелейді. Кеш бағдарламасында «Modern Talking» тобының, А. Зацепиннің, «Ялла» тобының және Александр Градскийдің репертуарларындағы танымал шығармалары ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын болады. Кеш қонақтарын кассеталар мен магнитофондар, ретро-теледидарлар, сол дәуірдің танымал «Юпи» сусыны, сағыздар, аңызға айналған «Волга» автокөлігі және ерекше фотозона күтеді. Сондықтан шаһар тұрғындары мен қонақтарын «Конгресс Холл» кешенінде 30 қыркүйек сағат 19:00-де өтетін ерекше форматтағы кешімізіге шақырамыз»-деді спикер.




